RUS  KAZ  ENG 
Біздің мекен-жайымыз: Астана қ., Абай даңғылы, 92/3 үй. Ыстық желі телефондары: 8 (7172) 30 60 73, 25 59 25.

Сәнді әрі пайдалы кәсіпкерлік

Сәнді әрі пайдалы кәсіпкерлік 13.11.2017

Манзура Қабиева сән үйі жұмыссыз әйелдерді басынан бастап жаңа мамандыққа баулып оқытады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы. 

Жұмысыңның ауыртпалық емес, керісінше қуаныш сыйлағанынан артық не бар? Оның үстіне, сенің ісің айналаңдағы адамдарға да пайдасын тигізіп жатқанын сезінсең тіпті ғажап. Өйткені, адамдарды әдемі әрі сапалы киіндіруге ұмтылу да қамқорлықтың бір түрі. Қысқасы, Манзура Қабиеваның сән үйі әлеуметтік жағдайы төмен жандарға айтарлықтай көмегін тигізуде. Жұмыссыз әрі бала күтімінде отырған әйелдер немесе қайтадан біліктілігін жоғарылатқысы келгендер – Манзура Қабидың сән үйіне келіп, кесте тігу, тігіншілік, пішім тігуді тегін үйрене алады.  

Оқыту мерзімі – шамамен үш айға созылады.

«Кейбіреулер о бастан саусақтарынан өнер тамған талантты болып келеді. Оқыту мерзімі одан да қысқа болуы мүмкін. Десе де, табысқа жету үшін пішім мен кестелеп тігу ісі тыңғылықты түрде үйренуді талап етеді, әрі сапалы өнім шығаруға деген ұмтылыс үшін адамға шыдамдылық пен табандылық қажет», - дейді Манзура.

Жас дизайнер Манзура Қабиева жақында ғана өзінің қазақ ұлттық киімдері топтамасын Испанияда таныстырып келді. Жеке сәннен басқа Манзура әлеуметтік жағдайы төмен жандар үшін тағы бір жобаны іске асыруда. Дизайнер Қабиева қалалық жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасымен келісімшартқа отырып, көмекке мұқтаж жұмыссыз әйелдердің тізімін ұсынбақ. 

«Кезінде менің де алдымда қиын таңдау тұрды. Өзім болсам жүктімін, тұрақты жалақысы бар тігіншілік жұмысымды тастап, жаңа кәсібімді ашу немесе осы күйінде қалдырып, тып-тыныш жүре беру? Сол кездері қолдау мен көмекке қатты зәру болдым. Сондағы кешкен күйімді өмір бойы ұмытпайтын шығармын. Сондықтан да, мен ең бірінші қолдауға мұқтаж әйелдерге көмектескім келеді».   

Отандық дизайнер болашақта мүмкіндігі шектеулі адамдарға да арнайы топ ашып, оқытуды жоспарлап отыр. Десе де, ол әлеуметтік кәсіпкерліктің оңай шаруа еместігін, өзіндік қарбаласы мен қиындықтары барын мойындайды. Сөйте тұра, дизайнер алған беттен қайтпай, жобаны қолға алып, сүйікті ісіммен айналысып әрі қоғамға пайдамды тигіземін деп отыр. 


Возврат к списку