RUS  KAZ  ENG 
Біздің мекен-жайымыз: Астана қ., Абай даңғылы, 92/3 үй. Ыстық желі телефондары: 8 (7172) 30 60 73, 25 59 25.

Дуалды оқыту жүйесі аясында елордада 1,5 мыңнан астам компаниямен келісім-шарт жасалды

Дуалды оқыту жүйесі аясында елордада 1,5 мыңнан астам компаниямен келісім-шарт жасалды 14.12.2017

Алдағы уақытта дуалды оқыту жүйесі Астанадағы колледждерге 100 пайыз көрсеткішпен енгізілетін болады деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Астанада Білім басқармасы мен қалалық Кәсіпкерлер палатасының мұрындық болуымен таяуда әлеуметтік серіктестерге арналған «Экономиканың жаңа моделі аясында білікті кадрларды даярлау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған Астана қаласының әкімдігінің, ҚР Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының, әкімдіктің Жұмыспен қамту, Сертификаттау орталықтарының, Елордалық колледждер қауымдастығының, Астана қаласы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері, колледждердің әлеуметтік серіктестері қатысты. Басқосуда жиналғандар кадрлар даярлаудың басым бағыттары, соның ішінде дуалды оқыту жүйесін енгізу мен жетілдіру, модульдік бағдарламаларды әзірлеу, әріптестікті дамыту мәселелерін талқыға салған болатын.

Дуалды оқыту жүйесін 100 пайыз көрсеткішпен колледждерге енгізу мақсаты тұрғанын тілге тиек еткен Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин, аталмыш жүйенің шеңберінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде орын алған өзгерістерге қысқаша тоқталып өтті.

«Тәжірибеден және өндірістік оқытудан сапалы деңгейде өту үшін, кәсіпорындар мен компаниялар студенттер үшін жұмыс орындарын ұйымдастырады. Мәселен, «Қазпочта» АҚ - компьютерлік жабдықталған 25 орынды (Кольвир сынақ бағдарламасы) дайындады.

Студенттерді ынталандыру мақсатында ақылы тәжірибеден өту мүмкіндігі беріліп отыр. Мәселен, 2016-2017 оқу жылында 1000 колледждің студенттері ақылы өндірістік тәжірибені аяқтады (орташа жалақы 50 000 теңгеден 90 000 теңгеге дейін). Сондай-ақ, 2016-2017 оқу жылында 8 150 студент өндірістік орындарда практикалық білім алды.

Бүгінгі таңда ынтымақтастық аясында 1 500-ден астам компаниямен келісімдерге қол қойылды», - деп мәлімдеді Әнуар Жанғозин.

Оның атап өтуінше, дуалды оқыту жүйесін енгізу жобасын табысты жүзеге асыру мақсатында Астана қаласының Білім басқармасы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасау шараларын да жалғастыратын болады.

Шара соңында колледж жетекшілері мен олардың бизнес-серіктестері туризм мен қоғамдық тамақтандыру, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы мамандарды даярлау туралы меморандумдарға қол қойды.


Возврат к списку